
(151-ші Қостанай жеке атқыштар бригадасының құрылғанына 85 жыл толуына орай)
Біздің Жеңіс Туы!
1945 жылы мамырда Рейхстаг үстінде желбіреген даңқты 150-ші Идрица атқыштар дивизиясының негізі болған 151-ші жеке бригаданың Қостанайда құрылғанына біз мақтан етеміз!
Қостанай бригадасы 1941 жылдың 21 желтоқсанында құрыла бастады, оған подполковник Л.В. Яковлев командир болып тағайындалды. Әскерге шақырылғандар облыстың өзінен, көршілес Челябі, Қорған және Сібір облыстарынан жиналды.
Шақырылған сарбаздарды даярлауға және барлық ұйымдастырушылық іс-шараларға бес ай уақыт кетті, 26 сәуірде бригада салтанатты түрде майданға шығарып салынды. Біздің жерлестер 1942 жылы солтүстік-батыс майданында, 1943 жылы – Новгород облысының Старая Русса ауданында фашистермен батыл шайқасты.
1943 жылдың күзінде 151-ші Қостанай атқыштар бригадасы 150-ші атқыштар дивизиясы болып қайта құрылды. 1944 жыл біздің әскерлердің кең ауқымды шабуылымен және еліміздің фашистерден азат етілуімен ерекшеленді. Балтық бойындағы «Пантера» шебін бұзып өткені және Идрица қаласын азат еткені үшін дивизияға «Идрица» атағы берілді.
1944 жылдың соңында дивизия бірінші Белорусь майданының құрамына берілді. Оған Г.К. Жуков командалық етті, оның әскерлері Бірінші Польша армиясымен бірге Польша азат етілуіне қатысты.
Берлинге шабуыл 150-ші атқыштар дивизиясы үшін, оған генерал-майор В.М. Шатилов командалық еткен, 16 сәуірде басталды. Ал 21 сәуір кешке қарсыластың қатал қарсылығын бұзып, 756-шы және 469-шы атқыштар полктері Берлиннің солтүстік-шығыс аудандарына кіріп, кейін орталық алаңға – рейхстаг тұрған жерге жетті. 30 сәуірде ғимараттың әртүрлі бөліктерінде лейтенант Қошқарбаев пен қатардағы Булатовтың (674-ші атқыштар полкі), кіші сержант Еремин мен қатардағы Савенконың (850-ші атқыштар полкі), сержант Смирнов, қатардағы Беленов пен Сомовтың (525-ші атқыштар полкі), сержант Япаровтың (86-шы ауыр гаубица артбригадасы) туы желбіреді.
1 мамыр түнінде 756-шы атқыштар полкінің жауынгерлері Михаил Егоров пен Мелитон Кантария рейхстаг күмбезінің үстіне армияның саяси бөлімінен алынған №5 Қызыл Ту – Жеңіс Туын көтерді. Ту көтеру тобын аға сержант Илья Сьянов командалық еткен автоматшылар ротасы отпен қорғады.
Берлин мен рейхстаг үшін болған шайқастардағы ерлік пен батылдықтары үшін 150-ші дивизияның барлық жауынгерлері ордендер мен медальдармен марапатталды.
Қостанайдағы Жеңіс саябағында қазақ және орыс тілдерінде жазылған ескерткіш тұр: «Сол соғыста соңғы нүктені қойған – Қостанай облысында құрылған негізі бар 150-ші Идрица ордені Кутузов дивизиясы».

